ҚЫСҚЫ СПОРТ ТҮРЛЕРІ БОЙЫНША ОЛИМПИАДАЛЫҚ ДАЯРЛАУ ОРТАЛЫҒЫ
«Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК - құрамы өзгермелі спортшылар мен жаттықтырушылардың оқу-әдістемелік ұйымы. Қазақстанның ұлттық құрамаларына кандидат бола алатын жас талантты атлеттерді анықтаумен, іріктеумен және даярлаумен айналысады. Сондай-ақ, ҚСТБ ОДО-ның міндеттеріне спортшыларды даярлау процесін материалдық-техникалық, медициналық-биологиялық және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету кіреді. Қазіргі уақытта Орталық қысқы спорттың 10 олимпиялық түрін қадағалайды:
1. шаңғы жарысы;
2. биатлон;
3. шаңғымен трамплиннен секіру;
4. фристайл-могул;
5. фристайл-акробатика;
6. тау шаңғы спорты;
7. конькимен жүгіру спорты;
8. шорт-трек;
9. мәнерлеп сырғанау;
10. керлинг.
Жалпы ақпарат
Ұйым 2004 жылы Қазақстан Республикасының Туризм және спорт агенттігінің «Олимпиадалық даярлау орталығы» ретінде Өскемен қаласында (Қазақстан, Шығыс Қазақстан облысы) құрылған. Бастапқы кезеңде ОДО 8 олимпиялық қысқы спорт түріне жетекшілік етті: шаңғы жарыстары, биатлон, тау шаңғысы, фристайл, шаңғымен трамплиннен секіру, конькимен жүгіру спорты, шорт-трек және мәнерлеп сырғанау. 2013 жылдың қаңтарында сноуборд бөлімі ашылды, ал 2017 жылы — шаңғымен қоссайысы және фристайл-акробатика, кейінірек керлинг те қосылды. Кейіннен Қазақстанда аталған спорт түрлерімен кәсіби деңгейде айналысатын спортшылар санының жеткіліксіздігі және отандық аренада бәсекенің болмауына байланысты ұйым сноуборд пен шаңғымен қоссайыс бөлімдерін жабу туралы шешім қабылдады.
Жұмыстың алғашқы жылдарында ОДО спортшыларды (2006 ж.) Туринде өткен қысқы Олимпиада ойындарына дайындаумен айналысты. Олимпиададан кейін Орталықтың негізгі қызметі жеткіншектер мен жасөспірімдер жасындағы балаларды орталықтандырылған даярлау болды.
ОДО-ның спортшылары
Қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығының құрамына республикалық және халықаралық жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен спортшылар (жеткіншектер, ересек және орта жастағы жасөспірім ұлдар мен қыздар) қабылданады. Жарыс маусымы бойы болашағы зор спортшылардың ең жақсы нәтижелерін Орталық мамандары қадағалап отырады, ал ең мықтыларды объективті түрде таңдау үшін іріктеу жүйесі туралы арнайы ереже (рейтинг) әзірленген. ҚСТБ ОДО-на қабылдауға үміткерлердің түпкілікті тізімі қорытынды жаттықтырушылар кеңесінде бекітіледі.
ҚСТБ ОДО түлектерінің арасында конькимен жүгіру спорты бойынша екі дүркін әлем чемпионы Денис Кузин, конькимен жүгіру спорты бойынша жасөспірімдер арасындағы Әлем кубоктары чемпионаттары мен кезеңдерінің рекордсмені және бірнеше дүркін жеңімпазы Екатерина Айдова, XXII Қысқы Олимпиада ойындары, мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері Денис Тен, 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева, могулшылар Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаков, Дмитрий Бармашов, Юлия Галышева, Юлия Родионова, Дарья Рыбалова, Анастасия Городко, шаңғышылар Николай Чеботько, Евгений Кошевой, Алексей Полторанин, Сергей Черепанов, Максим Однодворцев, Елена Коломина, Валерий Тюленева, шаңғымен тұғырдан секірушілер Евгений Левкин, Сергей Ткаченко, Сабиржан Муминов, биатлоншылар Ян Савицкий, Ольга Дудченко, Галина Вишневская және т.б. көптеген спортшылар бар.
Жаттықтырушылар құрамы
Қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығында жаттықтырушылар құрамына, олардың даярлығы мен қайта даярлығына ерекше көңіл бөлінеді. Болашақ чемпиондардың тәлімгерлері жыл сайын республикалық және халықаралық семинарларда біліктіліктерін арттырады. Алынған тәжірибе атлеттерді даярлау әдістемесіне енгізіледі және жаттығу процесін ұтымды құруға мүмкіндік береді, бұл спорттық нәтижелердің өсуіне оң әсерін тигізеді
Спортшылармен жұмыс істеу үшін шетелдік білікті мамандар да тартылады. Олардың арасында Словения, Ресей, Украинадан келген, мысалы, Янес Дебелак пен Зупан Матияж (шаңғымен трамплиннен секіру), Валерий Лесников пен Сергей Маргацкий (шаңғы жарысы), Арсен Журавель (биатлон) жаттықтырушы-кеңесшілер бар.
Жаттықтырушы-кеңесшілер Олимпиадалық даярлау орталығының және Қазақстанның басқа да ұйымдарының мамандары үшін шеберлік сыныптары мен семинарлар өткізеді, спорттық жаттығулардың заманауи әдістемелерімен, құрал-жабдықтарды дайындаумен және т.б. таныстырады.
Орналасқан жері
2017 жылдың соңында Олимпиадалық даярлау орталығын Өскеменнен (Ақмола облысы) Щучинск қаласына көшіру шешілді. Ұйымның орналасқан жерін ауыстыру қысқы спорт түрлерін одан әрі дамыту мақсатымен жүзеге асырылды. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі (қазіргі ҚР Туризм және спорт министрлігі) Қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығын Ұлттық шаңғы спорты орталығында – жаңа заманауи кешенде орналастыру туралы жарлық жобасын әзірледі. Ал 2018 жылдың басында ОДО Ақмола облысының ең көрікті аймақтарының біріне көшірілді. Одан кейін Қазақстан Республикасының Үкіметінің қаулысымен ұйымға «Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы» деген жаңа атау берілді.
ҚЫСҚЫ СПОРТ ТҮРЛЕРІ БОЙЫНША ОЛИМПИАДАЛЫҚ ДАЯРЛАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАЗАСЫ (ҰЛТТЫҚ ШАҢҒЫ СПОРТЫ ОРТАЛЫҒЫ)
Ұлттық шаңғы спорты орталығы — Щучинск қаласында (Қазақстан, Ақмола облысы, Бурабай ауданы) орналасқан көпфункционалды кешен. Ол жастар мен ұлттық құрама командалардың оқу-жаттығу жиындарын, сондай-ақ қысқы спорт түрлелерінен, негізінен шаңғы жарыстарынан, биатлоннан, шаңғымен трамплиннен секіруден республикалық және халықаралық жарыстар өткізу үшін пайдаланылады. Ұлттық шаңғы спорты орталығының базасында Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы орналасқан, оның басты міндеті — Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларына резерв болып табылатын болашағы зор жас атлеттерді сапалы даярлау.
Ұлттық шаңғы спорты орталығы Каменуха тауында салынған және теңіз деңгейінен 425 метр биіктікте орналасқан. Орталықтың жалпы ауданы — 125,54 га, оның ішінде 85,2 га — орман қоры. Спорт кешенінің құрылысы 2006 жылы басталып, 12 жыл бойы жалғасты. Жалпы алғанда, Орталықты салуға 38 миллиард теңге жұмсалған.
Ұлттық шаңғы спорты орталығы құрамына мыналар кіреді:
- бірнеше спорт залдарын, бассейн мен саунаны қамтитын спорт кешені;
- FIS сертификаты бар 16 трассаны, атыс алаңын, 3000-ға дейін көрермен сиятын трибуналарды қамтитын шаңғы-биатлон стадионы;
- командалық бөлмелер;
- төрешілер павильоны;
- К-90 және К-125 трамплиндерін, аспалы жолды, төрешілер мұнарасын, жаттықтырушылар трибуналарын, медпунктті, допинг-бақылауды, 12 000 көрерменге дейін сиятын амфитеатрды қамтитын шаңғы трамплиндерінің кешені;
- баспасөз орталығы;
- қонақүй;
- мейрамханалар;
- Медициналық-қалпына келтіру орталығы;
- әкімшілік ғимараттар.
Техникалық жағынан спорт кешені Халықаралық шаңғы спорты федерациясының (FIS) және Халықаралық биатлоншылар одағының (IBU) талаптарына сәйкес келеді.
Ұлттық шаңғы спорты орталығының ашылуы 2018 жылдың 19 наурызында өтті. Салтанатты шаралардан кейін бірден алғашқы халықаралық жарыстар — Халықаралық шаңғы спорты федерациясының (FIS) қолдауымен шаңғы жарысынан ҚР ашық чемпионаты өтті. Оған Қазақстанның 11 өңірінен спортшылар, сондай-ақ Ресей мен Украинадан атлеттер қатысты. Кешен трассаларында өткен алғашқы FIS-старттарының жеңімпаздары арасында Анна Шевченко, Елена Коломина, Марина Матросова бар. Ерлер арасындағы есепте үздік үштікте Виталий Пухкало, Денис Волотка, Сергей Малышев болды.
Қазақстан шаңғы спорты тарихында алғаш рет ҚР ашық чемпионаты аясында түнгі жарыс өткізілді. Спортшылар жасанды жарықтандыру кезінде және отшашулардың сүйемелдеуімен аралас командалық спринтте өнер көрсетті. Түнгі старттардың көшбасшылары Елена Коломина мен Алексей Полторанин болды. Жасөспірімдер арасында Ксения Шалыгина мен Артем Ковалев ең жақсы нәтиже көрсетті.
Ұлттық шаңғы спорты орталығы трамплиндер кешенінің ресми ашылуы 2018 жылғы 11 шілдеде өтті. Спорт құрылысы жұмысының басталуына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сәттілік тіледі. Жаңа трамплиннен алғашқы болып ҚР ұлттық құрамасының «ұшатын» шаңғышылары Сабыржан Мүминов пен Сергей Ткаченко, сондай-ақ словениялық атлеттер Цене Превц пен Юрий Тепеш секірді. Трамплиннің алғашқы рекорды Сергей Ткаченкоға тиесілі. Кешен ашылған күні ол 151 метрге секірді.
Кешенді салу кезінде инновациялық құрылыс технологиялары қолданылды. Спорт құрылысын жобалау сатысында желден қорғау жүйесі енгізілді. Шаңғышыларды желден екі жақтан арнайы қорғаныш қаптамалар қорғайды. Ал трамплиннің ұшу бөлігіне желден қорғайтын торлар орнатылған. Трамплиндер Халықаралық шаңғы спорты федерациясының (FIS) талаптарына сәйкес келеді.
Шаңғы трамплиндері кешенінің ресми ашылуынан тура бір жыл өткен соң, мұнда алғашқы халықаралық жарыстар — FIS жазғы кубогы мен FIS Континентальдық кубогы өтті. Жарыстарға әлемнің 11 елінен: Австрия, Норвегия, Швейцария, Германия, Корея, Румыния, Словения, Жапония, Ресей, Украина және Қазақстан өкілдері қатысты.
Ресми ашылған сәттен бастап Ұлттық шаңғы спорты орталығында көптеген жарыстар мен басқа да іс-шаралар өтті. Олардың ішінде шаңғы спорты түрлерінен жергілікті және республикалық чемпионаттар, біріншіліктер мен кубоктар, қос шаңғы жарыстары бойынша старттар бар. Солардың қатарында шаңғымен трамплиннен секіруден FIS жазғы Кубогы (шілде, 2019 ж.), Шаңғымен трамплиннен секіруден FIS Континентальдық кубогы (шілде, 2019 ж.), Шаңғы жарысынан Шығыс Еуропа Континентальдық кубогының кезеңдері (2019-2025 жж.), Шаңғымен трамплиннен секіруден ерлер арасындағы FIS Гран-При әлем кубогының жазғы кезеңдері (қыркүйек, 2021 ж.),
Шаңғы-роллерден әлем кубогының кезеңдері (2023-2025 жж.), Халықаралық биатлон одағының (IBU) қолдауымен биатлоннан Азияның ашық чемпионаты (наурыз-сәуір, 2018 ж.), Биатлоннан жасөспірімдер арасындағы Азияның ашық чемпионаты (наурыз, 2022 ж.), Биатлоннан жеткіншектер мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты (наурыз, 2023 ж.), Биатлоннан Азияның жазғы чемпионаты (тамыз-қыркүйек, 2023 ж.) бар.
Шаңғы спорты түрлерінен басқа, мұнда Burabay Cyber Cup LAN-финалы (сәуір, 2018 ж.), Race Nation Burabay Ұлттар жарысы (қыркүйек, 2018 ж. және қыркүйек, 2019 ж.), ТМД елдерінің ынтымақтастық туралы келісіміне қатысушылардың дене шынықтыру және спорт жөніндегі кеңесінің отырысы (маусым, 2019 ж.), Burabay Open үстел теннисінен ашық турнир (2019-2025 жж.); Red Bull 400 Burabay экстремалды жүгіру жарысы (тамыз, 2019 ж.) және т.б. ауқымды іс-шаралар да өтті.
























































































