ҚЫСҚЫ СПОРТ ТҮРЛЕРІ БОЙЫНША ОЛИМПИАДАЛЫҚ ДАЯРЛАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫЛЫҒЫ
Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы директоры - Ардақ Болатұлы Тулендин.
Ардақ Болатұлы 1977 жылы 3 маусымда Ақмола облысында дүниеге келген. Л. Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік университетін «Тарих пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша және Көкшетау университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1995 жылы мектеп мұғалімі болып бастаған. Кейін әр жылдары Ерементау балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресі және дзюдо күресінен жаттықтырушы, дзюдо бойынша жаттықтырушы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Х. Мұңайтпасов атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық мамандандырылған спорт мектебінің әдіскері болып қызмет атқарған. Нұр-Сұлтан қаласындағы Олимпиадалық даярлау орталығы директорының орынбасары, Республикалық дене шынықтыру және спорт оқу-әдістемелік орталығының директоры болып еңбек еткен. Соңғы төрт жылда «Алатау» қысқы спорт түрлері бойынша Республикалық жоғары шебер мектебін басқарған. 2022 жылдың шілде айында «Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы» директорының міндетін атқарушы болып тағайындалды.
Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан зор үлесі үшін Мәдениет және спорт министрлігінің, Қазақстан биатлоншылар Одағының, ҚР допингке қарсы Ұлттық орталығының, ҚР дзюдо федерациясының алғыс хаттарымен марапатталған. «Азия балалары» халықаралық спорт ойындарын дамытуға қосқан үлесі үшін», «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілермен, «ҚР Конституциясына 25 жыл» және «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Мұхамед-Рахим Рүстемұлы Ибраев - директордың спорт жөніндегі орынбасары.
Мұхамед-Рахим Ибраев үш бағыт бойынша жоғары білімі бар – Қаржы, Құқықтану, дене шынықтыру және спорт. Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін "Қаржы" мамандығы бойынша, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін "экономика саласындағы құқықтық реттеу" мамандығы бойынша, сондай-ақ Сібір мемлекеттік университетінің Дене шынықтыру және спорт факультетін бітірген. Экономика және бизнес магистрі академиялық дәрежесі бар. Еңбек жолын 2011 жылы ҚР Парламенті Мәжіліс депутатының көмекшісі болып бастаған. Әдіскерден бастап әр түрлі спорт ұйымдарының бөлімдерінде спорт басшысы болып жұмыс жасады. Байдаркада есуден ұлттық құраманың бастығы ретінде жұмыс тәжірибесі бар. 2022 жылдың қыркүйегіне дейін Астана қаласында спортты дамыту дирекциясы басшысының олимпиадалық түрлері бойынша орынбасары болып қызметін атқарды. Осы жылдың қазан айынан бастап қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы директорының спорт жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.
ҚСТ ОДО директорының қаржы бөлімі бойынша орынбасары – Мурат Алиаскарович Каржаспаев. Қаржы секторында жоғары еңбек өтілі бар. Аудандық мәслихаттың үш шақырылымының депутаты болды.
Мұрат Әлиасқарұлы Целиноград инженерлік-құрылыс институтын (қазіргі Л. Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті) және Алматы Экономика және статистика институтын бітірген. «Щучинск Прокурортстрой» трестінің шеберінен бастап Щучинск және Көкшетау қалаларындағы банктер мен қаржы ұйымдарының басшы лауазымдарына дейін еңбек жолынан өтті. 2018 жылдан бастап «Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК директорының орынбасары болып жұмыс істейді.
Өкілді органдардың жұмысына, мемлекеттілікті нығайтуға және әлеуметтік-экономикалық дамуды қалыптастыруға қосқан үлесі үшін Мұрат Қаржаспаев «мәслихаттарға 20 жыл» мерейтойлық медалімен, грамоталармен және алғыс хаттармен, оның ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы қойылған грамотамен марапатталды.
Рахат Елубекұлы Исахметов - директордың әкімшілік-шаруашылық бөлігі бойынша орынбасары
Рахат Елубекұлы Исахметов үш бағыт бойынша – құқықтану, экономика және дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алған. Осы жылдар ішінде ол спорт әдіскері, Алматы қаласындағы Кәркен Ахметов атындағы Республикалық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжі директорының оқу-тәрбие бөлігі жөніндегі орынбасары, сонымен қатар Атырау облысы бойынша проблемалық несиелер департаментінің директоры және филиал директорының орынбасары болып жұмыс атқарды. 2022 жылдың қыркүйегінен бастап Рахат Елубекұлы Щучинск қаласындағы қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы директорының ӘШБ жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.