Биатлоннан ҚР жазғы Чемпионатына неміс жаттықтырушысы Геральд Хениг қатысты. Щучинск қаласына сапары аясында Хениг Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының басшылығымен кездесіп, Германияда қазақстандық спортшыларды даярлау жөніндегі ынтымақтастықты талқылады. Жиынға ҚР Ұлттық құрамасының биатлоннан бас бапкері Мақсат Шаранов, ҚСТ ОДО биатлоннан аға бапкері Иван Трифонов және Ақмола ЖСШМ директоры Аян Шокенов қатысты.
Геральд Хениг Германия мен Австрияның әйелдер ұлттық құрамаларын ұзақ уақыт жаттықтырды, Италия құрамасының тәлімгері болды. Оның басшылығымен спортшылар айқын прогресс пен жоғары нәтижелер көрсетті. Биылғы жылы Қазақстан биатлоншылар Одағы Хенигті ату бойынша жаттықтырушы ретінде Қазақстан ұлттық құрамасына шақырды.
Шетелдік маман спортшыларды даярлаудың жаңа әдістемелерін жасайды және Италияның Милан қаласында өтетін 2026 Олимпиадасымен аяқталатын ағымдағы олимпиадалық цикл бойы қолданыстағы жаттықтырушылар құрамымен бірлесіп жұмыс істейді деп күтілуде.