Оңтүстік Кореяның Каннын қаласында қысқы спорт түрлерінен IV Жасөспірімдер Олимпиадасының басталғанына 10 күн өтті. Қазір Қазақстан делегациясы 1 «алтын», 2 «қола» медальмен жалпы есепте 18-сатыда тұр. Елімізге алғашқы алтынды Илья Мизерных сыйласа, Полина Омельчук (шорт-трек) пен хоккейден ұлттық құрама қола медаль жеңіп алған. Бүгін ұлттық құрама спортшылары шаңғымен жарыста және кёрлингте сынға түсті. Мерей мен Ибрагим Тастеміден топтық кезеңде Швейцария құрамасына жол берді. Есеп: 1-9. Осыдан кейін шаңғымен жарыста Қазақстан атлеттерінен жақсы нәтижені Берік Боранбаев көрсетті. Ол спринтте іріктеуден сүрінбей өтіп, ширек финалдан ары аса алмады. Спринтте ұлдар арасында Федерико Поцци (Италия) алтыннан алқа тақты. Күміс Элиас Мохта (Германия), үздік үштікті Тэйбор Гринберг (АҚШ) түйіндеді. Ертең шаңғымен 7,5 шақырымға жарыс (классикалық жүріспен) өтеді. Ал кёрлингтен Қазақстан мен Италия ойыны басталады.