Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының мәнерлеп сырғанаушысы Никита Кривошеев - Bosphorus Cup-2024 халықаралық турнирінің жасөспірімдер арасында күміс медаль иегері. Қысқа бағдарламаның қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы көш бастады. Алайда, еркін бағдарламада өнер көрсеткеннен кейін ол Украина елінің мәнерлеп сырғанаушысы Егор Курцевтен жеңіліп, екінші орынға ие болды. Үшіншісі Түркия өкілі Фуркан Эмре Инцель болды. Сондай-ақ, Түркияда өткен халықаралық турнирде ҚСТ ОДО мәнерлеп сырғанаушы Вероника Кимнің өнер көрсеткенін атап өткен жөн. Ол жасөспірімдер арасында 49 қатысушылардын қатарынан бесінші орынды иеленді. Бұл жас тобындағы үш көшбасшы Элис Ленгелова (Словакия), Инга Гургенидзе (Грузия) және Кира Барановска (Латвия) болды. Bosphorus Cup мәнерлеп сырғанаудан жыл сайынғы халықаралық турнирі 25 қараша - 1 желтоқсан аралығында Стамбул қаласында (Түркия) өтті. Медальдар жеке конькимен сырғанау мен мұз биінде ойналды. Жарысқа әлемнің 30-дан астам елінің спортшылары қатысты.