17 қаңтарда ресми іссапармен Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының базасына ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин келді. Ведомство басшысы база құрылымын ауқымды таныстырып, орталық нысандарының жұмысын және олардың техникалық мүмкіндіктерін көрсетті.
Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының базасы (Ұлттық шаңғы спорты орталығы) - Орталық Азияда теңдесі жоқ бірегей көпфункционалды кешен. Мұнда қазақстандық және шетелдік командалардың оқу-жаттығу жиындары өтеді, сондай - ақ қысқы спорт түрлері — шаңғы жарысы, биатлон, тұғырдан шаңғымен секіру сияқты ұлттық және халықаралық жарыстар өтеді.
Орталықтың құрамына спорт кешені, оның ішінде тренажер және бірнеше спорт залдары, бассейн мен сауна, FIS және IBU сертификаттары бар 16 шаңғыроллер трассалары, шаңғы-биатлон стадионы, 3000 адамға жуық орынмен қамтылған атыс алаңы мен көрермендер трибуналары, тұғырлар кешені (К-90 және К-125 трамплиндері), қонақ үй, Медициналық-қалпына келтіру орталығы және басқа да нысандар кіреді.
Сапар аясында Руслан Есеналин шаңғы жарысы бойынша ҚР ұлттық құрамасымен кездесу өткізді. Қазіргі уақытта Щучинск қаласында шаңғы жарысы бойынша Шығыс Еуропа Кубогының қорытынды кезеңі өтуде. Жарыс Қысқы Азия ойындарына іріктеу туры болып табылады. Комитет төрағасы жаттықтырушылар құрамымен және құрама мүшелерімен ағымдағы маусымға арналған міндеттерді талқылады, сондай-ақ алдағы ірі халықаралық жарыстарға сәттілік тіледі.