Жалпы командалық есепте 14 медаль және 12 орын - қазақстандық құраманың XXXII қысқы Универсиадада өнер көрсетуінің нәтижесі. Қазақстандықтар 3 алтын, 4 күміс және 7 қола жүлдеге ие болды. Спортшылар фристайл-могул, биатлон, мәнерлеп сырғанау, парашаңғы жарысы, шорт-трек сияқты спорт түрлерінде жетістікке жетті. Универсиада жүлдегерлерінің қатарында Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының спортшылары бар. Бұл мәнерлеп сырғанауда үшінші орын алған Софья Самоделкина. Шорт-трекші Дінмұхамедалдияр Тәжібай - аралас және ерлер эстафетасында Универсиаданың екі мәрте қола жүлдегері. Алина Ажгалиева (шорт-трек) сонымен қатар аралас эстафетада тұғырдың үшінші сатысына көтерілді. Естеріңізге сала кетейік, студент жастарға арналған халықаралық старттар 13-23 қаңтарда Италияның Турин қаласында өтті. Универсиада аясында спорттың 11 түрінен жарыс өтті. Медальдар үшін әлемнің 57 елінен 2000-нан астам спортшы бақ сынасты. Қазақстан атынан 10 спорт түрінен 103 спортшы қатысты.