Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының могулшылары Еуропа Кубогына қатысты. Жарыстар 7-9 ақпанда Финляндияда өтті. Кубок аясында спортшылар могул және параллель могул пәндерінде өнер көрсетті. Жарысқа Германия, Испания, Қазақстан, Нидерланды, Тайланд, Түркия, Финляндия, Франция, Чехия, Швейцария, Швеция спортшылары қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша Юлия Феклистова екі стартта да үздік 5-ке кірді. Могулда ол медальдан бір қадам жерде тоқтады. Юлия Швециядан келген спортшы Нова Нильсон, Элис Лундхолм және Германия өкілі Лаура Эклені алға жіберіп, төртінші орынды иеленді. Параллель могулда қазақстандық могулист бесінші болды.