21-25 желтоқсанда Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасының V қысқы Спартакиадасында қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығының мәнерлеп сырғанаушылары екі алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алды.
Әйелдер арасындағы стартта қысқа және еркін бағдарламалар бойынша барлығы 122,14 ұпай жинаған Нұр-Сұлтан қаласының өкілі Анна Левковец жеңімпаз атанды. Екінші орын 120,75 ұпаймен алматылық Багдана Рахишоваға бұйырды.
Жасөспірімдер ішінде ерлер арасындағы жарыста жеңіс тұғырын ҚСТ ОДО спортшылары иеленді. Қазақстан Республикасы Спартакиадасында Шымкент қаласының намысын қорғаған Олег Мельников ірі есеппен алтын жүлдегер атанды. Қазылар алқасы оған өнер көрсеткені үшін 159,50 ұпай берді. Күміс жүлдені Қарағанды облысынан келген Никита Кривошеев иеленді. Оның соңғы нәтижесі – 144,90 ұпай. Қола жүлде алматылық Артур Смағұловта. Ол коньки тебуден қысқа және еркін бағдарламалар бойынша барлығы 130,43 ұпай жинады.
Қазақстан Республикасының V қысқы Спартакиадасына қатысқан ҚСТ ОДО тағы бір спортшысы Алматы қаласынан келген Сабина Насырова бесінші орынды иеленді.