4-6 наурызда Польшаның Гданьск қаласында шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтті. Қазақстан атынан қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының спортшылары Алишер Абулкатимов, Валерий Клименко, Санжар Жанисов, Айбек Темирхан, Алина Ажгалиева, Гүлдана Жалмухан, Акнур Жанадил, Малика Ермек сынға түсті. Спортшылар 500, 1000, 1500 м қашықтықтарда және 3000 м эстафеталарда жарысты. Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша, екі Қазақстандық спортшы үздік-8-ге енді. Алина Ажгалиева 1000 м қашықтықта (В тобының финалы) 4-орынды иеленді, Санжар Жанисов 1500 м жарыста (В тобының финалы) 7-орын алды. Ерлер эстафетасында біздің шорт-трекшілер ең үздік уақытты көрсетіп алтын медальға қол жеткізетін еді, бірақ төрешілерден пенальти алып, жарыстан шықты. Шорт-трек - бұл болжанбайтын спорт түрі, тіпті ең тәжірибелі және атақты спортшылардың өзі де жарыс кезінде пенальти алады. Сондықтан, бұл жолы медальді жіберіп алғанымызға қарамастан, біздің атлеттер халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсете алатынын дәлелдеді.