Германияның Клингенталь қаласындағы Vogtland Arena шаңғы трамплинінің тарихы 1932 жылы спорт нысанының жобасы ұсынылған кезден басталады. Алайда мұнда алғашқы трамплин 1959 жылы ғана салынған. Нысанның салтанатты ашылуы 70 мың көрерменнің алдында өтті. Содан бері мұнда көптеген жарыстар мен чемпионаттар өтті. ХХ ғасырдың 90-шы жылдарында трамплин тозған құрылымына байланысты пайдалану үшін қауіпті деп танылып, бөлшектелді. Vogtland Arena K-125 заманауи спорт кешені 2006 жылы ресми түрде ашылды. Техникалық тұрғыдан алғанда кешен ең жоғары талаптарға жауап береді. Мұнда қыста да, жылы мезгілде де жарыстар мен жаттығулар өткізіледі. Көрермен трибуналары бір уақытта 30 000 жанкүйерді сыйдыра алады. 30 қыркүйек - 2 қазан аралығында Vogtland Arena-да шаңғымен секіруден жазғы Гран-придің финалдық кезеңі өтті. Қазақстандықтардың арасынан бір ғана спортшы іріктеуден өте алды – қысқы спорт түрлерінен Олимпиадалық даярлау орталығының «қанатты» шаңғышы Данил Васильев. Гран-придің неміс кезеңінің қорытындысы бойынша ол 28-орынға ие болды.