Қазақстан Кузбастағы қысқы ойындарда 6-орын алды

08.03.23_03.png

 

Ресей Федерациясының Кузбасс аймағында қысқы спорт түрлерінен ІІ «Азия балалары» ойындары аяқталды, деп хабарлайды Спортты дамыту дирекциясының Баспасөз қызметі.

Санаулы сəттер бұрын өткен ресми жабылу рәсімінде еліміздің байрағын делегация басында шорт-трекші Мадияр Мадихов ұстап шықты. Ал халықаралық ойындардың туын түсіру рəсіміне чемпион ретінде Қазақстан атынан Мейіржан Төлеген қатысты.

Он күнге созылған кешенді жарыста Қазақстан 3 алтын, 5 күміс және 6 қола медальге қол жеткізіп, жалпы есепте 6-орын алды. Жалпы Кузбастағы ойындарға 5 спорт түрінен 58 отандасымыз аттанған.

Илья Мизерных (шаңғымен тұғырдан секіру, К-40), Мейіржан Төлеген (шорт-трек), Варвара Глухова (конькимен жүгіру) чемпион атанды.

Мейіржан Төлеген (шорт-трек, 1500м), Илья Шильников (шаңғымен тұғырдан секіру, К-40), эстафетада ерлер құрамасы (шорт-трек), аралас командалық сында Илья Мизерных пен Софья Шишкина (шаңғымен тұғырдан секіру), спринтте ерлер құрамасы (конькимен жүгіру) күміс жүлдегер атанды.

Ал Малика Жолтабар (шорт-трек, 1500м), Софья Шишкина (шаңғымен тұғырдан секіру, К-40), эстафетада қыздар құрамасы (шорт-трек), аралас командалық сында Илья Шильников пен Алёна Свериденко (шаңғымен тұғырдан секіру), Мадияр Мадихов (шорт-трек, 100м), шаңғы жарысындағы достық эстафетасында Арина Андрющенко («Спорт» құрамасында) қола жүлдеге ие болды.

Жалпы есепте Сібір федералды округы 1-орын алса, одан кейін Мәскеу облысы, Орал мен Қиыр шығыс федералды округының құрамасы жайғасты. Ойындар кезінде 57 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қатысушы елдер: Қазақстан, Армения, Ауғанстан, Беларусь, Кувейт, Қырғызстан, Ливан, Непал, Тәжікстан, Таиланд, Түрікменстан, Өзбекстан мемлекеті;

- Мәскеу облысы, Кузбасс аймағының құрамасы;

- Қиыр шығыс федералды округы, Сібір федералды округы, Орал федералды округының құрамасы;

- Башқұртстан, Саха, Татарстан Республикасы;

Есіңізге сала кетейік, Қазақстан 2019 жылы өткен алғашқы «Азия балалары» ойындарына 8 спорттан 74 спортшы апарған. Жалпы есепте 7 алтын, 7 күміс және 6 қола медальмен 11 құраманың ішінде 6-орыннан көрінген.